«Үздік жас маман - 2019» байқауы

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті базасында 26 сәуір күні қалалық «Үздік жас маман - 2019» байқауы өткізілді.

Байқауға М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын бітірген (күндізгі немесе сырттай), жасы 29 жасқа дейінгі бастауыш сынып мұғалімдері қатысты.

Байқаудың мақсаты: 2019 жыл «Жастар жылы» аясында жаңартылған білім мазмұны бойынша бастауыш буында білім мен тәрбие берудің бағыттарын жан-жақты меңгерген, психология және педагогика ғылымдары жетістіктерін тәжірибеге енгізе отырып, шығармашылықпен жұмыс жасап жүрген жас мұғалімдерді анықтау.

Байқау 4 кезеңнен тұрды:
1. Шығармашылық байқау. «Жаңартылған білім мазмұны – жаңашылдыққа бастама» Қатысушылардың визиттік карточкасы

2. Практикалық байқау. «Шебер-сынып». Сабақтың бейне фрагментін көрсету (пән қатысушылардың таңдауы бойынша)

3. «Менің педагогикалық ұстанымым: мәні, құндылықтары, басымдықтары» (Қойылатын талап – 250 сөзден аспайтын, А4, кегель 14, шрифт Times New Roman) Эссе оқу. Бағалау критерийлері: 1.Ой нақтылығы және түсінікті жеткізілуі; 2.Ой өрісінің кеңдігі, логикасы; 3. Сауаттылығы; 4.Дәлелділігі; 5.Ерекшелігі.
4. Қатысушының портфолиосы (алдын-ала тапсырылады): Портфолионы бағалау критерийлері: 1. Материалдың толықтығы, жүйелілігі. 2. Мазмұны мен өзектілігі. 3. Мұғалім жұмысындағы жаңашыл идея, білім сапасын көтеруге негізделуі. 4. Оқушылармен жүргізілетін жұмыс бағыты, оның нәтижесі. 5. Безендірудегі эстетикалық талаптың орындалуы.

Байқауға қатысушылар жұмысын бағалау үшін 3 адамнан тұратын қазылар алқасы құрылды.

Барлық байқау сынақтарының нәтижесі бойынша 1 орын - №30 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Мендигарина Мендігүл, 2 орын – Круглозерное ЖББОМ бастауыш сынып мұғалімі Женисова Ақнәзік, 2 орын - №46 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі Қыдырова Сымбат марапатталды.

Байқау барысында №43 және №46 ЖОББМ жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімдері шеберлік сыныптарын көрсетті.

Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.