Студенттік өмір! Өмірдің ең керемет, ең шуақты сәті емес пе?! Жеңіл ойлап кеттім, бәлкім...

Иә, қызығы мол студенттік өмірді әркім әрқалай түсінеді. Әрқалай бағалайды. Біреулер жанталас күндер көрінісі деп бағаласа, енді біреулер қайталанбас ғажап сәтке балайды. Меніңше, студенттік өмір – қызығы мен шыжығы, базары мен ажары, қуанышы мен қиындығы қатар жүретін өмірдің аса бағалы сәттері. Әрине, аудиториядан алшақтап, қызық қуған студенттен болашақта білікті маман шығуы екіталай. Дегенмен, арман жетегінде келген албырт шақтағы қайталанбас сәтті ұтымды пайдалануға тиіспіз. Білім нәрімен сусындай жүріп, студенттік шақтың қызықты сәттерін де уыстан шығарып алмауымыз керек. Мен құрбыларыма маңызды сәттің мазмұнын төмендетіп алмайық дегім келеді.

Міне, мен де студент атандым. Нақтырақ айтсам, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің педагогика факультетіне журналистика мамандығы бойынша оқуға қабылдандым. Студенттік күндеріміздің алғашқы кезеңі әсерлі басталды. Мені мұнда бүлдіршіндерге деген шексіз махаббатым мен бала күнімдегі «ұстаз» деген арманым жетелеп әкелсе керек-ті. Алайда, ұстаз болу мамандық емес. Ол – Алланың берген сыйы. Ал, мен тәрбиеші мамандығын игеруде талай қиындықтарға толы мың белесті бағындыруым керек екенін түсіндім. Алдағы төрт жылдағы біздің мақсатымыз – сол қастерлі мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеруде жатыр.

Дәл осылай әркімді арман жетегіне жетелеп келген «студенттік өмір» кімге де болса қымбат екенін әркім біледі. Тек бағалауымыз байсалды болуы керек. Сондықтан, қайталанбас ғажап сәтке қадам басқан құрбыларыма ұмытылмас әсерге толы шуақты сәттер тілеймін.

«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының

1 курс студенті Шағидолла Ш.А.